Түлектер қауымдастығының төрағасы мен Атқарушы директоры сайланды
29.03.2024
29.03.2024
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түлектер қауымдастығы 2021-2022 оқу жылында университетте қызмет етуші түлектердің бастамасымен ректор Темірбекова Жанар Амангелдіқызының қолдауының арқасында құрылған болатын.
Бүкіл түркі әлемінде жүрген түлектердің басын қосу арқылы университет имиджін көтеруді көздеген аталмыш қауымдастықтың болашаққа бағдары айқын.
Қауымдастық университет түлектерінің біртұтастығын сақтау үшін талай жоспарларды жүзеге асырмақ мақсатында 2022 жылдың 5 мамыр күні университетіміздің сенат залында оффлайн/онлайн форматта Түлектер қауымдастығының Жалпы жиналысы өтіп, маңызды шешімдерге қол жеткізді.
Жиналысқа еліміздегі жоғары лауазымды түлектеріміз бен Түркия Республикасынан бірқатар түлектер қатысты.
Түлектердің бас қосуына қонақ ретінде қатысқан университет ректоры Жанар Амангелдіқызы мен Женгиз Томар сөз сөйлеп, түлектердің жұмысына сәттілік тіледі.
Онлайн қатысып отырса да бірін-бірі сағынысып көріскен түлектердің жүрекжарды тілектері мен ұсыныстары көп болды.
Алтынбек Кенжалиев, Сәкен Ханділлаев түлектерімізбен қатар Фатма Сөнмез, Уфук Тузман, Эрсин Гүзел сынды түркиялық түлектеріміз де ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жиналысқа атсалысып отырды.
Жалпы жиналыстың мақсаты Түлектер қауымдастығының төрағасын, қауымдастық Кеңес (басқарма) мүшелері мен Атқарушы директорын сайлау болатын.
Нәтижесінде, Түлектер қауымдастығының төрағасы болып құқықтану мамандығының 1995 жылғы түлегі, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Азимова Эльвира Абилхасимовна сайланды.
Одан кейін қауымдастықтың Кеңес (басқарма) мүшелері бекітілді. Жалпы жиналыстан соң Кеңес мүшелерінің онлайн байланысы арқылы Түлектер қауымдастығының Атқарушы директорын сайлау үшін Кеңес мүшелері ұсыныстарын дауысқа салды. Нәтижесінде, Атқарушы директор ретінде Асанова Мәриям Тасболатқызы бір ауыздан сайланды.
Қауымдастықтың төрағасы мен Атқарушы директорлары Азимова Эльвира ханым мен Асанова Мәриям ханымды құттықтай отырып, жұмыстарына сәттілік тілейміз!