Түлектер қауымдастығының Басқарма мүшелері оқу ордамызда бас қосты.
01.04.2024
01.04.2024
Бүгін университетімізде атаулы іс-шара өтті. Түске дейін Түркия және Қазақстан Республикаларының Конституциялық сот төрағалары университет ұжымымен, студенттерімен бірге жаңа оқу жылының шымылдығын ашты.
Түстен кейін университетіміздің алғашқы түлегі, ҚР Конституциялық сотының, Түлектер Қауымдастығының төрағасы Эльвира Азимовамен түлектер кездесті.
Түлектер қауымдастығының мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түлектерінің басын біріктіру, арадағы ынтымақтастықты күшейту, олардың кәсіби сапасын және іс-тәжірибелік дағдыларын тұрақты жетілдіру үшін жағдай жасау, кәсіби мүдделерінің құқықтарын қорғауда материалдық-моральдық, құқықтық қолдау көрсету. Университеттің стратегиялық дамуына көмектесу, университетте даярланған мамандарды жұмысқа орналастыруға, әлеуметтік, экономикалық, саяси және ғылыми-техникалық бағдарламаларын іске асыруға ықпал ету.
Түлектердің бұл бас қосуы университет үшін маңызды әрі қуанышты жаңалықпен бастау алды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Ахмет Ясауи университеті арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Университетіміздің ректоры Темірбекова Жанар Амангелдіқызына екі тарап үшін маңызды бұл құжатты Түлектер қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сот төрағасы Азимова Эльвира Әбілқасымқызы өз қолымен табыстады.
Жиында сөз бастаған Эльвира Әбілқасымқызы өзімен бірге білім алып, ортақ шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер қауымымен қайта қауышқанына қуана отырып, Түлектер қауымдастығының негізгі қызметі мен оның маңызы жөнінде өз ойымен бөлісті.
Сондай-ақ оқу орданың даму процесінде, жастардың сапалы білім алуында түлектердің қосар қандай да бір үлесі болса, қашанда көмектесуге, бірлесе іс атқаруға дайын екенін де жасырмады.
Айта кетейік, бір отбасының балаларындай бір шаңырақ астында бірге жүріп, студенттік өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп, білім нәрімен сусындаған бір кездегі жастар бүгінде елағасы, еланасы атанып, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан университет түлектерімен мақтануға да болады.
Кездесу барысында университетіміздің Әлеуметтік-мәдени істер жөніндегі вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев пен Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры, координатор Асанова Мәриям Тасболатқызы Түлектер қауымдастығының соңғы жылда атқарған жұмыстары мен алдағы перспективалары туралы сөз қозғады.
Жиын соңында Түлектер Қауымдастығының Басқарма мүшелері, Түркістан облыстық сотының орынбасары Мақұлбеков Жеңіс, Қызылорда облыстық прокурорының орынбасары Төлегенов Исламбек, Түркістан «Болашақ» колледжі мен мектеп-гимназиясының құрылтайшысы Бегалиев Бағдәулет, Теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай, медицина факультеті түлектер қауымдастығының төрағасы Жүнісова Мира университет дамуы жолында өз пікірлерін ортаға салып, қауымдастық жұмысын жетілдіруде маңызды мәселерді көтерді.
Қыркүйек айының соңында аталмыш мәселелердің шешімін табу үшін түлектердің басын қосып, жалпы жиналыс өткізу туралы ұсыныс-тілектерімен тарқасты.
Кездесу соңында естелік үшін «отбасылық» суретке түсіп, оқу ғимаратының сыртына шығып, университет кампусындағы Түлектер Аллеясын одан әрі көркейту ұсыныстары талқыланды.