Түлектер форумына шақырамыз

01.04.2024

Құрметті Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы, ұстаздар және университет түлектері!

Сіздерді 2022 жылдың 14 қазанында болатын тәуелсіз еліміздің төл перзенті, тұстас құрдасы, түркі әлемінің білім ордасы атанған университетіміздің 30 жылдық мерейтойына орай Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін «Терең тарихтан-жарқын болашаққа» атты университет түлектерінің І-ші Форумына шақырамыз!

Университеттің негізі 1991 жылы Түркістан Мемлекеттік университеті ретінде қаланса, 1992 жылы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылғандықтан бізге биыл 30 жыл толып отыр.

Құрметті түлектер! Университетіміздің білімі мен ғылымын, мәдениетін көтеруге үлесімізді қосайық. Білгенімізді ортаға салып, жақсарту ұсыныстарымызды тастайық.

Кейінгі жастарға дұрыс бағыт пен бағдар беріп жол сілтейік.

Бәріміз осы қара шаңырақтың қара наны мен қара суынан қуаттанып, бойымызға Яссауидің ілімін дарытып шыққан қарапайым ғана бозбала мен бойжеткен болатынбыз.

Бүгінде қолымыз аузымызға жетіп, біреуге көмек беретіндей,

ақылға ақыл қосатындай дәрежеге де келіп қалғанымыз рас.

Осы білім ордасының бір жапырақ қағазының арқасында үлкен өмірге жолдама алып, білімімізді одан әрі дамытып, өзімізді шыңдап жетіліп небір биіктерден көрініп, лауазымды орындарды тоздырып та үлгергендеріміз бар арамызда.

Аллаға шүкір, сол жетістіктердің барлығы Түркістанның киелі топырағы мен Яссауи шапағатының арқасында деп білейік.

Достар, 14 қазан күні форумның екінші жартысы әртүрлі тақырыпта түлектердің қызықты іс-шараларымен жалғасын табады.

«Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» тақырыбы бойынша университеттің даму болашағы туралы баяндамалар және түлектердің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалады.

Түркістан қаласының экономикасын көтеру мақсатында экономика мамандығының түлектері «Түркі әлемінің экономикалық интеграциясы» атты дөңгелек үстөл өткізеді.

«Ұшқан ұяға тағзым!» тақырыбымен Өнер мамандығының елімізге танымал тәжірибелі түлектері студенттерге шеберлік сынып (мастер класс) өткізеді.

«Яссауиден шапағат-дәрігерден ұстаздарға махаббат» айдарымен медицина мамандығының дәрігер-түлектері университет қызметкерлеріне тегін диагностикалық көмек көрсетеді.

«Ізгілік ізі – тазалық» тақырыбы бойынша Экология мамандығының түлектері Түркістанның экологиясын жақсартуға өз үлестерін қосу үшін дөңгелек үстөл өткізеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіру» тақырыбында құқықтану мамандығының түлектері құқықтану мамандығында білім алып жатқан студенттермен дебат өткізеді.

Университетіміздің филолог-ғалым түлектері қазіргі «қазақ тілін оқыту методикасындағы жаңалықтармен» бөлісетін болады.

Журналистика түлегінің ұйымдастыруымен «Дикция және сөйлеу техникасы» бойынша журналистика студенттері үшін тренинг өткізіледі.

Сонымен қатар, университетіміздің кітап қорына үлес қосу мақсатында түлектер тарапынан университет кітапханасында «Кітап сыйлау акциясы» ұйымдастырылып отыр (кез келген түлек өзі білім алған мамандығы бойынша кез кезген оқулық, монография, т.б жастарға мотивация беретін кітап түрлерін сыйға тарту ете алады).

Форумның соңы университетіміздің музыкалық және актерлық өнер кафедрасы түлектерінің ұйымдастыруымен «Түлектерден жалынды сәлем! атты керемет КОНЦЕРТпен және түлектердің ұстаздармен бірлескен бас қосу салтанатты кешімен аяқталады.

«Мен Ахмет Ясауи университетінің түлегімін!,

«Мен осы қара шаңырақта қызмет еттім/етемін!» деуші ниеті түзу барлық жандарды форумға шақырамыз!

Мерейлі тойың құтты болсын Ахмет Ясауи университеті!

Әрбір түлектің кеудесінде

«Менің университетім – менің мақтанышым!»

деген сағыныш пен құрмет тұру керек.

Келіңіздер! Қатысыңыздар! Атсалысыңыздар!

Жаңарған, түлеген Түркістандағы қара шаңырақтарыңызға бас сұға кетіңіздер!

Alma mater тыныс-тіршілігімен таныс болыңыздар!